- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістанда 1000 гектарға...
Түркістанда 1000 гектарға жуық қарбыз көшеті үсіп қалды
Жаз шығып, жер көгеріп-көктеп кеткенде кенет күннің күрт суытуынан Түркістан облысы, Шардара ауданында 1000 гектарға жуық қарбыз көшетін үсік шалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тіпті оның видосы әлеуметтік желіде де тарап кетті. Қатты суықтан солып, бүрісіп қалған көшеттерді көрсеткен видео авторы әуелгіде елді жаман шошытып, "2000 гектар алқапты үсік шалды" деп айды аспаннан бір-ақ шығарған.
Бірақ кейін Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ол ақпараттың тым әсерелеп алынғанын, шын мәнінде 1000 гектарға жуық жердегі көшеттер жарамсыз күйге түскенін жеткізді.
Ең сорақысы, мамандар егістік алқабы сақтандырылмағандықтан, шаруалар арнайы көмек те ала алмайтынын айтуда.
"Қазгидромет» РМК Түркістан филиалының агрометеоролог маманы Динара Баянбаева: "Жалпы қарбыз көшеті ауаның 0 градусында, ал топырақ қабаты -1 градуста үсіп кетеді", - дейді.
Кеше түнде Шардарада күн райы 0 градусты көрсеткен. Ал, топырақтың температурасы -1 градус болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы