- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан Түркі әлемінің...
Түркістан Түркі әлемінің мәдени астанасы атанбақ
Таяуда Әзербайжанның Шеки шаһарында ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысы өтті. Онда ер түріктің бесігі атанған Қазақстанның Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданды, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Аталмыш жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Түркі Кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық Түркі Академиясы, Түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиында көне шаһар - Түркістанды 2017 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп бекіту жөнінде шешім қабылданды. Тұрақты Кеңестің 35-ші отырысының үйлестірушісі болу Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліп, оның отырысы 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді.
Бұған қоса, Әзербайжан Мәдениет және туризм министрлігінің ұсынысымен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдерде 2017 жыл «Молла Панах Вагифты еске алу жылы» деп жарияланды.
Отырыста ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасеинов түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) 20 жылдан астам уақыттан бері түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениетті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге танытуда тындырымды тірліктердің атқарылып келе жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, ол ТҮРКСОЙ-дың ең сәтті жобаларының бірі ретінде 2012 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жұмысы екенін атап өтті.
Түркістанның мәдени астана атанатын жылында бірқатар шаралар ұйымдастырылып, іске асырылмақ. Атап айтқанда, түбі түркі тілдес халықтар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын мерекелеп, театр фестивалін өткізбекші. Кітап жәрмеңкесі мен қолөнер шеберлерінің Орта Азиялық фестивалі мен Ұлы Дала дәстүрлі музыкалық фестивалін, сонымен бірге, суретшілер кездесуі сынды ірі бағдарламаларды ұйымдастыруды көздеп отыр.
T. Кіршібаев