- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан тұрғыны миранос...
Түркістан тұрғыны миранос қойдың жүнінен түрлі бұйымдар жасайды
Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Нұрбибі Омарова үй іргелік 10 соттық жерінде жылыжай шаруашылығын дамытумен қатар ерекше кәсіпті де қолға алған. Ол 2019 жылдан бері қой жүнінен ұлттық нақыштағы ер және әйел адамдарының киімін тігуді кәсіп етіп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұрбибі Омарова түтілген жүннен түрлі бұйымдар жасайды. Ою ойып, оны жұқа маталарға қиюластырады да, содан заманауи үлгідегі көйлектер тігеді. Қала берді, қазақи нақыштағы шапан сырып, сөмкенің де түр-түрін әзірлейді. Тіпті, жүннен жасалған әшекей бұйымдары да сұранысқа ие. Тағы бір айта кетерлігі, Нұрбибі Омарова қажетті шикізатты арнайы Жамбыл облысынан алдырады. Өйткені ол тек миранос қойының қылшық жүнін пайдаланады. "Себебі жергілікті қойлардың жүні ауыр, одан жасалған киім адам денесіне кері әсер етуі мүмкін екен" дейді ол.
"Киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан. Жүн талшықтары теріні тыныштандырып, жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Сондай-ақ, температураны бірқалыпты ұстап тұрады. Бұған сан мәрте көзі жеткізгенмін", - дейді Нұрбибі Омарова.
Көп жылдар бойы тек өзі ғана айналысып келген ол кейінгі жылдары қолындағы келінін де осы кәсіпке баулыған. Бірақ оны көрген ауылдың бірнеше қыз-келіншегі үйренуге ниет білдіріп, солайша шебер бүгінде шәкірт тәрбиелеуде.
Былтыр ғана мемлекеттен 550 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған қолөнер шебері "киіздің ерекшелігі - жуған сайын жаңаруында" дейді. Сондықтан одан жасалған өнімнің де бағасы қымбат. Десе де Нұрбибі Омарова оларды тұрғындарға тиімді бағада сатады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы