Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс ұжымын және аудан тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екенін атап өтті.

"Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Бүгін іске қосылып отырған кешен осы бағыттағы ірі әрі маңызды жоба. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктестік қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, жоғары өнімділікке қол жеткізді. Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті. Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынуда. Жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Бұл – аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтиже. Біздің негізгі мақсатымыз – Отырар ауданында толыққанды мақта кластерін қалыптастыру, шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығару. Осындай жобалар өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайта түсетініне сенімдімін", – деді Нұралхан Көшеров.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту міндетін қойды. Аталған жобаға жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Бір орталық арқылы 32 мың гектар жер бақыланып, суару жүйесі бір пультпен басқарылады.

Әкімдік мәліметінше, зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Massaget.kz