Түркістан облысының тұрғыны ұрланған малды танысының үйіне жасырған

Түркістан облысының тұрғыны ұрланған малды танысының үйіне жасырған

Түркістан облысының полицейлері екі тәулік ішінде мал ұрлығына байланысты алты қылмысты ашты. Жедел уәкілдер мал ұрлаушылардың бір қылмыстық тобын, мал ұрлығымен айналысқан бес күдіктіні ұстады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 20 миллион теңге болады. Иелеріне барлығы 114 мал қайтарылды. Оның ішінде жоғалған малдар да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бәйдібек ауданында 24 жастағы күдіктіні жылқы үйірін ұрлап кеткені үшін ұстады. Шопан болып жұмыс істеген жас жігіт жайылымнан 24 жылқыны жымқырған. Тергеу барысында оның бұрын ауыл тұрғындарының бірінің жылқыларын сатқаны, содан кейін қылмысын жасыру үшін басқа біреудің малын ұрлағаны анықталды. Шығын - шамамен 10 миллион теңге.

Созақ ауданында тағы бір жылқы ұрлығы анықталды. Полицейлер 19 бас жылқыны ұрлауға қатысы бар 35 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті ұрланған малды танысының үйіне жасырып, сатып жіберуді жоспарлаған. Келтірілген шығын 7,5 миллион теңге болды. Тәркіленген үйір иесіне қайтарылды.

Сонымен қатар Шардара ауданындағы полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарынан мал ұрлады деген күдікпен бір топ адамды ұстады. Күдіктілердің үшеуі түнде жәбірленушілердің шаруа қожалықтарына кіріп, қойларды ұрлап, содан кейін мал базарға сатқан. Олардың 200 мың теңгеден асатын мал ұрлығының екі фактісіне қатысы бары дәлелденді.

Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер қамауға алынды және тергеу жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан