Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасымен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әккі ұры Жаңақорған ауданында кезекті пәтер ұрлығын жасау кезінде қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерді күштеп ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған.
Ұрлықты тұрақты кәсіпке айналдырған азамат Түркістан облысы Қазығұрт ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Тергеу барысында аталған күдікті облыс аумағында 25 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге 19 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтіргендігі анықталды. Қазіргі уақытта полицейлер пәтер ұрысының облыс көлемінде жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріп жатыр. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр. Күдікті қамауға алынды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз