• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Түркістан облысындағы үйде газ жарылып, бір отбасының үш адамы қаза тапты

Түркістан облысындағы үйде газ жарылып, бір отбасының үш адамы қаза тапты

Түркістан облысының тұрғыны Нұрила Тұрабаева бір аптадан бері ес жия алмай жүр. Жігерген ауылында тұратын 40 жастағы ұлының үйінде газ жарылып, бір сәтте немерелері мен перзентінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar телеарнасына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, бұған дейін көмірмен жан баққан жанұя бірнеше ай бұрын ғана үйіне газ кіргізіпті, бірақ отбасын жылытқан иран пешінен ақау шыққан дейді.

"Газды кіргізгеніне 3-4-ақ ай болды ғой. "Мама, тым болмаса ел қатарлы екі бөлмені жылытып отырайын" деп жазда келгенде өтініш жазып бергенмін. Сол каминь пеш қойып отырған екен ғой. Көргендердің айтысы, газ атылғанда бүкіл осы үйде қанша бөлме бар соның барлығының әйнегін сындырып жіберген ғой. Мына жерде жанып жатқан дүниені, үйді алып қаламыз деп оттың ішінде жүре беріпті ғой", - дейді марқұмның анасы Нұрила Тұрабаева.

Балқашта жұмыс істейтін Дәулет Тұрабаев Жаңа жылдық демалысқа үйіне келген екен. Жетінші қаңтарда денсаулығы сыр беріп жүрген жұбайы мен екі қызын қалаға емделуге жіберіпті. Өзі 13,12 және 5 жастағы ұлдарымен қалған дейді әйелі. Пеші бар бөлмеде ер адамның қасында екі баласы, келесі бөлмеде ортаншы ұлы ұйықтап жатқан. Сол сәтте дүмпу болған. Қатты күйіп қалған төрт науқастың үшеуі ауруханада көз жұмды. Тек 12 жастағы жеткіншек қана аман қалды.

"Таңертең алтыда хабарласып тұр ғой. "Дина, қайтшы, газ жарылды. Мен күйіп қалдым. Балалар аман" деді. Кейін қайтадан хабарласып едім, қайын ағам алды. "Келін, оларды жедел жәрдеммен ауруханаға әкетіп жатыр. Сол жаққа бара бер" деді. Қазығұртқа жедел жәрдеммен бірдей бардық. Екі баламды көрдім. Екеуі де түгел күйіп қалған. Үлкен балам "Мама, бізде бәрі жақсы, болмашы жарақат қой, жазылып кетеміз" деді", - дейді Динара Әшірова.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің болжамынша, жарылыс табиғи газға жалғанған пештегі газ-ауа қоспасынан болған.

"Жақын күндері аудан әкімшілігі тарапынан зардап шеккен азаматтарға 1 миллион 585 теңге төңірегінде қаржылай ақша аударылады", - дейді Түркістан облысы Қазығұрт ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай.

Күйеуі мен екі баласынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан әйел жарылыс болған екі бөлмелі үйде тұрып жатыр. Терезесі жоқ баспананың ішін көршілері ақтап берген екен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес
Logotype Massaget