Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары теңіз деңгейінен 2400 метр биікте құтқару операциясын жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Операция Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктегі Шүнкілдек асуында өткізілген.
Құтқарушылардың сөзінше, ер адамнан құтқару қызметіне хабарлама түскен. Ол таулы аймақта бірге болған досының денсаулығы күрт нашарлап, қайтыс болғанын айтқан. Өзі де жағдайы нашарлауына байланысты таудан түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған.
Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілген. Құтқару жұмыстарына ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы да жұмылдырылған.
"Тікұшақ көмегімен таулы аймақтан 1993 жылы туған ер адам эвакуацияланды. Оны қауіпсіз жерге жеткізгеннен кейін жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері қарап, медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ, таудан 1978 жылы туған ер адамның сүйегі түсірілді. Алдын ала мәлімет бойынша ол денсаулығы күрт нашарлауы салдарынан қайтыс болған", - деді ТЖМ өкілдері.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова