Түркістан облысында қар еріп, жауын көп жауғанына байланысты елді мекендерді су басып жатыр. Табиғи апат тұрғындардың үрейін ұшырып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқырмандар редакцияға жіберген сурет-видеоларда жолдарды да су шайып жатқаны көрінеді.
"Өте алмаймыз. Кешке не болады? Ауыл не болады? Құжаттарыңызды дайындап қойыңыздар. Азанда мұндай емес еді", - дейді видеодағы әйел.
"Біз жақты мүлде су шайып жатыр", - дейді видеодағы ер адам.
Тіпті ішінде айы-күні жетіп, толғағы қысқан әйел отырған көлік перзентханаға бара жатқан жолда су астында қалған. Оқиға бүгін Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылында болған. Оны құтқаруға ауылдың ер адамдары жиналған.
Осылайша, ауыл әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап, жүкті әйелді отбасы мүшелерімен бірге құтқарып қалған. Көлік суға батып кеткен, бірақ ішіндегі адамдар түгел құтқарылып, елді мекенге жеткізілген.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы бірнеше көше мен ауланы су басқаны хабарланған болатын. Кейінгі ақпараттар бойынша, өңірде ауа райы қолайсыздығына байланысты Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында 6 көше, 48 аула су астында қалған.
Мәриям Әбсаттар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!