Түркістан облысындағы су тасқыны: қанша елді мекен су астында қалды?
Түркістан облысында нөсерлі жауын салдарын жою жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты 3 аудандағы таулы жерлерде, атап айтқанда, Бәйдібек (Шаян, Таңатар, Ынтымақ, Ақбұлақ, Шақпақ, Бірлік), Сауран (Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Орангай, Майдантал, Шаға), Ордабасы аудандарында (Шұбарсу, Бадам, Шұбар) қардың қарқынды еруі салдарынан еріген су төмен қарай ақты.
ТЖМ
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров мәлім етті.
"Жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің күшімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 бірлік көлемінде қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазып аула учаскелерін су басу қаупінің алдын алды.
Қазір құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жауын-шашын облыс аумағында тоқтады. Алайда су ағыны жалғасып жатыр. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖД: 68 адам, 11 бірлік техника, 20 мотопомпа, 1 жүзу құралы. ЖАО 240 адам, 40 бірлік техника, 5 мотопомпа",-деп мәлімдеді Бақытжан Запаров.
ТЖМ
ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.
ТЖМ
Облыстық және республикалық жедел штабтар қызмет көрсетіп жатыр. Облыстық және республикалық жедел штабтар базасында "Жедел желі" телефоны ашылды.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша, 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ, температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы бірнеше көше мен ауланы су басқаны хабарланған болатын. Кейінгі ақпараттар бойынша, өңірде ауа райы қолайсыздығына байланысты Бәйдібек, Ордабасы және Сауран аудандарында 6 көше, 48 аула су астында қалған. Кейін Түркістан облысында 154 адам эвакуацияланып, туыстарының үйіне жайғастырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек