Әлеуметтік желіде полицейлер Түркістан облысы Сауран ауданының тұрғынын азаптаған сәттің дыбыстары жазылған видео жарияланды, - деп хабарлайды Elitar.kz.
Ауыл тұрғынының өзі бұл жазбаны бірнеше күн бұрын Ішкі істер министрлігіне жолдаған өтініші бойынша алған. Видео Сауран аудандық полиция бөлімінде орнатылған бейнебақылау камераларына түсірілген.
Басылым мәліметінше, ауыл тұрғыны екі қой ұрлады деген күдікпен полиция ғимаратына жеткізілген. Оның сөзінше, полицейлер басына пакет кигізіп, соққыға жыққан. Ер адамның пайымдауынша, тәртіп сақшылары осындай әдіспен оған өзі жасамаған қылмысты мойындатуға мәжбүрлегісі келген. Оқиға биыл 8 ақпанда болған.
Полиция департаменті 34 жастағы тұрғынның мал ұрлығына қатысы жоғын, оған қатысты қозғалған іс тоқтатылғанын түсіндірді. Оны азаптаған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол өз мәлімдемесінде бес қызметкердің аты-жөнін атаған.
Қазір бұл іспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің қызметкерлері айналысып жатыр.
Жәбірленушінің айтуынша, Антикор қызметкерлері істі сотқа жеткізгісі келмейді әрі олардың да отбасы, бала-шағасы бар екенін алға тартып, кешіруге үгіттеген. Жәбірленуші тарап мұнымен келіспей, істі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді сұрап отыр.