Түркістан облысындағы лудоманияға қарсы күрес туралы баяндалды. Сондай-ақ, лудомандардың психологиясына қатысты маман бірқатар кеңестер ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың қазан айында, дәлірек айтқанда 8-қазан күні Түркістан облысындағы "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің "Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету" бөлімінің 8 айда атқарылған жұмысы бойынша есеп өткізген еді.
Шараға 600-ге жуық жастар және өзге де 30-ға тарта психологтар қатысты. Қазіргі қоғамның қауіпті құбылысына айналған осы дертке қатысты мамандар пікір білдіріп, өңірдегі жасөспірімдер, студенттер және жалпы алғанда 100-ге жуық жас қамтылды.
Форумда айтылған ақпаратқа сәйкес жалпы жыл басынан бері аудан, қала бойынша жастар арасында лудоманияға қарсы 162 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, 4 363 жас қамтылды.
Шараға арнайы маман жіберген Астана қаласы, "Көмек" оңалту орталығының психологы қазіргі таңда үлкен қауіпті індетке айналған осы бір құмар ойындары туралы пікірін білдіріп, онымен қалай күресу керектігін және лудоманияның салдары мен себептерін тізіп берді.
Лудомандардың алғашқы қалыптасу сатылары қалай білінетіні жайлы "Көмек" оңалту орталығының психолог-аддиктологы Тілеубаев Нұржан Сұлтанбекұлы түсіндіріп берді.
"Ересек шақта лудоманияға шалдығатын адамдардың көбі кішкентай кезінде қаражат жетіспеушілігін, қаржылай қиындықтарды бастан кешірген жандар болып келеді. Олар сол қажеттілігін өскен кезде өтеймін деп, есіл дерті ақша табуға айналып кетеді. Содан соң ақша табудың тек оңай жолын көздейді. Десе де, біріншіден ондай адамдарға ортасы әсер етеді. Ортасындағы бір адам бастаса, олар да қызығып ақша тігіп көре бастайды. Содан кейін адам қалай құмарлыққа салынып кеткенін білмей қалады. Сондай-ақ, ондай адамдарға отбасының қолдауы жетіспейді. Отбасынан алшақтаған, суықтық сезінген адам ақшаның артынан еріп, жақындарынан жылулық көрмей өз білгенін істеп кетеді. Бірақ, ақыр аяғы біздің "Көмек" оңалту орталығы сияқты жерлерге сол отбасындағы адамдары хабарласады. "Мына менің жақыным лудоманияға шалдықты, көмектесіңіздерші" деп хабарласады. Біздің орталық ондай адамдарға міндетті түрде көмектеседі" дейді аддиктолог маман Нұржан Тілеубаев.
Бұдан бөлек "Көмек" оңалту орталығы нашақорлыққа, ішкілікке және кредитоманияға шалдыққан адамдарды емдейді.
Лудомандардың жағдайы туралы көбіне отбасы мен жақындары хабарласады дейді маман.
"Лудомандардың отбасылары мен жақындары көбіне жағдай туралы баяндап, баламыз немесе күйеуім осылай ауырады деп хабарласып көмек сұрайды. Алайда, көбі қаражатымыз болмай тұр деп бас тартып жатады. Бірақ кей лудомандар өзі хабарласып, мен осы әдетімді қойғым келеді деп, мойындап жататындары да бар. Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсініп өзі хабарласқан жандармен жұмыс істеу жеңілірек болады. Себебі, олардың ішінде кішкене болсын лудоманиядан арылуға деген ниет, ұшқын пайда болады. Біз соны ары қарай жалындатуымыз керек және оны ешқашан қайта жанбайтындай еткіміз келеді. Бірақ кей адамдар өзінің құмарлыққа салынғанын мойындағысы келмейді. Олар өзім қоямын деген желеумен жағдайды одан сайын ушықтыра береді. "Бастысы қарыздарымды жауып тастасам болды, мен ауру емеспін" деп өздерінің тәуелділіктерін мойындай алмай жүреді. Көбіне осындай адамдармен жұмыс істеу қиын болып келеді" дейді маман.
Сонымен қатар, маман лудомандардың арасында тек ер адамдар емес, әйел адамдардың да көптігін алеға тартты.
"Қазір әйел-лудомандардың да саны артып келеді. Көбіне ер адамдар болғанымен, әйел адамдар да бұл дертке шалдыққандарын мойындап, өздері хабарласып жатады" деп қосты Нұржан Сұлтанбекұлы.
Лудоманды емдеу кезінде оның жақындармен де жұмыс жүргізілетіні айтылды. Яғни, оны қалай бақылау керектігі жайлы, қандай қолдау көрсету керектігі туралы ақпарат беріледі.
Көп жағдайларда лудомандар өздерінің ауруға шалдыққанын, тәуелділікке салынып кеткенін мойындағысы келмейді.
"Ең бірінші - қарыздар. Яғни, хабарласатын адамдар жиілейді. Ол неше түрлі адамдардан өтірік сылтаулармен қарыздар алып бастайды. Кейбірі үйге қарызын сұрап келе бастайды. Банктерден қоңырау көбейе бастайды. Кей жағдайдарда достары шыдамай жақындарына қарыз алғанын айтып, қандай себеппен екенін көрсетіп, айтып қояды. Кейін жақындары қажет шараларды іске асырып бастайды" дейді маман.
Ал психологиялық күйін айтар болсақ: күйгелек, ашушаң, қызуқанды болып бастайды. Отбасы мүшелерін көп тыңдамайды, үнемі кешігулер, телефонға жиі қарау сынды жағдайларды байқауға болады. Нақтырақ айтар болсақ, лудомандардың психологиялық күйі көбіне бірнеше негізгі ерекшеліктермен сипатталады:
Бір жылда шамамен мыңға жуық лудоманға көмек көрсетіледі. Бұл кем дегенде аталған нәтиже. Ал жалпы Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетіндер саны ресми түрде шамамен 11 мың адам деп есептеледі. Бұл адамдар психикалық денсаулық орталықтарында ем алып немесе арнайы бағдарламаларға қатысып жүр. Сонымен қатар, шамамен 3 мың адам өз еркімен құмар ойындарға шектеу қойған, бірақ олар лудомандар қатарына кірмейді.
Лудоманиядан бір рет емделген адамның қайтадан құмар ойындарға оралу ықтималдығы жоғары. Мұның бірнеше себебі бар дейді аддиктолог:
Психолог маман негізінен тәуелділіктен өздігінен құтылуға келмейтінін айтты. Десе де, ол мынадай кеңестер ұсынды.
"Біріншіден, триггерлерді анықтап, олардан аулақ болу керек. Лудоманияға бейім адамдар көбіне күйзеліс, ашу немесе жалғыздық сияқты эмоцияларды басу үшін ойынға жүгінеді. Ойынға итермелейтін жағдайларды немесе сезімдерді анықтап, олардан қашық болу маңызды. Өз-өзіңізді бақылауды арттыру үшін эмоциялар мен мінез-құлықтарды күнделікке жазу пайдалы болады. Екіншіден, психотерапия және кәсіби көмекке жүгінген абзал. Мәселен біздің орталықтың мамандарынан кеңес сұрау артықтық етпейді. Керісінше үлкен көмек болады. Когнитивті мінез-құлықтық терапия (КМТ) арқылы ойлау үлгілерін өзгерту тиімді. Бұл терапия адамның ойлары мен сезімдерін қайта құрылымдап, ойыннан алыстатуға көмектеседі. Ал үшіншіден, қаржылық және техникалық шектеулер енгізу керек. Өзіңізді ойыннан қорғау үшін қаржыны бақылауға алып, шектеу қою қажет. Ойынға қол жеткізуді шектейтін арнайы қосымшалар орнатып, банк карталарына лимиттер қою арқылы да бақылауды күшейтуге болады. Бұл рецидивтің алдын алу үшін маңызды қадамдардың бірі. Төртінші қадам, жақындардың қолдауы және топтық терапия алу. Отбасы мен достардың қолдауы лудоманияны жеңуде үлкен көмек береді. Сонымен қатар, тәуелді адамдарға арналған анонимді топтарға қатысу арқылы басқа қатысушылардың тәжірибесін білу пайдалы болады. Бұл өзіңізге деген сенімділікті арттырып, жалғыздық сезімін азайтады Бесіншіден, жаңа әдеттерді қалыптастыру керек. Ойынның орнын басатын пайдалы әдеттерді енгізу маңызды. Спорт, шығармашылық немесе еріктілік қызметтер сияқты әрекеттерді күнделікті өмірге қосу арқылы тәуелділіктен арыла аласыз. Бұл жаңа іс-әрекеттердің позитивті әсері уақыт өте келе тәуелділікке деген қажеттілікті азайтады Алтыншы әрекет, медитация және стресс басқару. Медитация, тыныс алу жаттығулары және релаксация техникалары эмоционалды тұрақтылықты дамытуға көмектеседі. Стрессті дұрыс басқару дағдылары рецидивтің алдын алуға ықпал етеді, өйткені тәуелді адамдар көп жағдайда күйзеліс кезінде ойынға қайта оралады" деп жауап берді маман.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында лудоманияға қарсы форум өткенін хабарлаған едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!