- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысындағы қыздың...
Түркістан облысындағы қыздың өлімі: полицейлер ауылдағы жағдайға қатысты жауап берді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жантүршігерлік қылмыс болды. Кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылды. Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында мәйіті үйінен табылған қызды өлтірді деген күдіктіні ұстау кезінде ауыл тұрғындары оны полиция қызметкерлерінен қорғап қалмақ болды деген ақпарат тарады. Telegram-арнада жарияланған кадрларда бірнеше адамның полиция көліктерінің соңынан жүгіргені көрінеді.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында жағдай тұрақты екенін айтты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға орнына облыс прокуроры мен полиция департаментінің бастығы, жедел-тергеу тобы келді.
"Қазір тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Ауыл тұрғындарымен ақсақалдар, құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кездесті. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етілмейді. Бұл ретте азаматтардан тек ресми деректерге сенулерін сұраймыз және жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз", - деді полиция өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек