Түркістан облысында анасы мен қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдіктінің ақыл-есінің дұрыстығы тексеріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
КТК арнасының хабарлауынша, қылмыстың қалай болғанын ашық айтқан марқұмның қыздары Бас прокуратурадан көмек сұрайды. Өйткені құзырлы органдар «қысым жасай бастады» дейді жәбірленуші тарап.
«Мен және сіңлім екеумізді күні бүгін РОВД-ға шақырып, бізді басынбақ болды. Қорқытып, «сіздер әлеуметтік желіге салғандарыңыз үшін 600 мың теңге айыппұл немесе 15 күн бас бостандықтарыңыздан айыруды талап етемін» деді. Мен және сіңлім құзырлы органдардан қорыққанымыз үшін оларды жазалауларыңызды сұраймыз. Біз іштей жылап, анам мен сіңлімді қара жерге тапсырып, ішімізді өртеп бара жатқанда, олар бізді қорқытты», – деді қыздардың бірі.
Қылмысқа не түрткі болды?
Қанды қылмыс 13 қыркүйек Келес ауданындағы Амангелді ауылында болған. 29 жастағы мектеп қызметкері 16 жастағы қызға қырындап, мұны оқушы қыз анасына айтып барған. Ашуға булыққан әйел бар жағдайды директорға жеткізіп, Абай Аханов осыдан кейін мектептен шығарылыпты. Осыған кектенген күдікті түн ішінде өзін масқаралады деген әйел мен оқушы қыздың үйіне барған. Сөйтіп 45 жастағы әйелдің басынан кірпішпен ұрып өлтіріп, оның 10-сыныпта оқитын қызын зорлап, ұрып өлтірген. Оқушының шыңғырған дауысын естіген көршілер күдіктіні жазбай таныған.
Былтырдан бері мектепте жұмыс істейтін күдіктінің үш баласы мен жүкті келіншегі бар екен. Қазір қанды қылмыстың жай-жапсары тексеріліп жатыр.
Құпия тергеу
«Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызының өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел іс-шара жүргізілуде. Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді», - деді Түркістан облысы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков.
Айта кетейік, қайғылы оқиға орын алған отбасының қыздары әлеуметтік желі арқылы үндеу жасаған болатын. Марқұм әйелдің артында қалған екі қызы күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!