- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысындағы "Жайлы...
Түркістан облысындағы "Жайлы мектептер" құрылысына отандық өнімдер пайдаланылады
Елімізде ерекше қарқынмен қолға алынып, өңірлердегі мектеп мәселесін шешу мақсатында жүзеге асып жатқан жобаның бірі – "Жайлы мектеп". Жоба жоспары бойынша 2023-2025 жылдар аралығында заманауи, стандарттарға сай, жайлы 400-ден аса білім мекемесі бой көтереді. Оның 63-і Түркістан облысында салынып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Түркістан облысындағы жаңа мектептер құрылысы да айрықша болмақ. Олай дейтін себебіміз, өңірдегі білім мекемелері құрылысы мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде отандық өнімдер қолданылмақ. Әсіресе, өңірде жасап шығатын жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әр мектептің құрылысы қатаң бақыланып, арнайы стандарттар бойынша тексеріледі. Күні кеше облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоба аясында қолданылатын құрылыс материалдары мен мектепті жиһаздармен қамту бойынша жоспарланған жобалармен арнайы танысты.
– "Жайлы мектеп" – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Әрбір мектептің құрылысы өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Өңірде ұлттық жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс тобына әр мектептің құрылысын мұқият қадағалауды тапсырамын. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына, ұстаздарымыздың жоғары деңгейде жұмыс істеуіне жағдай жасалуы қажет. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар. Облыстың жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын компанияларына, жұмысшыларына басымдық берілуі тиіс. Олардың әлеуеті жетпесе, қосымша өзге өңірлердегі отандық өндірушілермен келісім жасалып, жобалар өз мерзімінде жүзеге асуы керек, - деді Дархан Сатыбалды.
"Жайлы мектептер" отандық өнімдер арқылы салынатыны әрі жабдықталатыны көңіл қуантады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс материалдары мен жиһаз жасайтын компания өкілдерімен де кездесіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Мектептердің іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланылатын құрылыс материалдары таныстырылып, арнайы стандарт жүйесі бекітіледі. Мердігерлер сол бойынша құрылысты жүргізетін болады.
Түркістан облысындағы 63 мектепке екі оқушыға арналған 25 100 парта, 50 200 орындық қажет. Ұстаздар үшін 2470 үстел, 2550 жайлы орындық керек. Тәжірибе жасайтын кабинеттер үшін 3012 үстел, 6034 орындық алу жоспарланған. Одан өзге мектепке қажетті шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажеттілігін өтеу үшін Түркістан облысы әкімдігі осы салаға жауапты басқармалар және республиканың өзге өңірлеріндегі отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын ала меморандумдар жасамақ. Бұл бағаның қымбаттауының алдын алуға да мүмкіндік береді.
"Жайлы мектеп" жобасы бойынша өңірде салыну керек 63 мектептің 29-ның құрылысы биыл басталып, 2024 жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің жұмысы келер жылы басталмақ. Іргетасы биыл басталып, құрылысы қарқынды жүретін мектептердің директоры тағайындалып, олар да құрылысты қадағалайтын болады. Қазіргі таңда мектептер салынатын орындар нақтыланып, жері белгіленген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны қадағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамының өкілдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері бар. Олар айына бір рет бас қосып, "Жайлы мектеп" жобасының жүзеге асуын талқылап, маңызды мәселелерді ортаға салады. Әр мектептің құрылысын қатаң бақылауға алып, оқушыларға жайлы да ыңғайлы болуын басты назарда ұстайтын болады.
О. Сансызбай