- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысындағы бір...
Түркістан облысындағы бір мектепте оқу жылы жанжалмен аяқталды
Асыларық ауылындағы мектепте оқу жылы жанжалмен аяқталды. Оқушылардың ата-аналары биліктен уәде етілген жаңа мектепті талап етіп отыр. Өйткені қазіргі мектеп қауіпті деп танылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ата-аналар мектепке қатысты шағымын жеткізді.
"Нәтиже жоқ. Балаларымыздың өміріне алаңдаймыз. Жыл сайын шенеуніктер келіп, жаңа мектеп салуға уәде береді, бірақ әлі ештеңе жасалмады", - дейді Асыларық ауылының тұрғыны Данияр Жүсіпбек.
Мектептегі ақаулар 2016 жылдан бастап байқалған. Осы уақытқа дейін мердігердің кепілдік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.
"Актідегі бұл орындар апат жағдайында деп көрсетілгеннен кейін ол жерді жауып тастадық және ешкімді кіргізбейміз. Мұнда екі ауысымда 494 оқушы оқиды. Асхана жабылғандықтан және балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету қажет болғандықтан, оқу кабинетін бөлдік", - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Ақмөлдір Мыңбай.
Мұғалімдердің сөзінше, мектеп балалар үшін қауіпті екенін білім беру саласының шенеуніктері, тіпті аймақ басшысы да біледі. Олар да өз өтініштерін бірнеше рет жолдаған. Осыдан кейін жергілікті билік мәселені егжей-тегжейлі зерттейтін комиссия құрды. Оқу орны сараптама нәтижелері бойынша апат жағдайында емес, өмірге қауіпті деп танылды.
Алайда шенеуніктер құрылыс жұмыстарының басталу және аяқталу мерзімі туралы айта алмады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова