Түркістан облысында досымен аңға шығып, жоғалып кеткен мұғалім 5 күннен бері табылмай жатыр. Құтқарушылар мен еріктілер қазір ауданда 300 гектардан аса аумақты аралап, тіпті мұғалім жоғалып кеткен өзен суын төмендетіп үлгерген. Бірақ әлі нәтиже жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
КТК телеарнасының мәліметінше, 38 жастағы мұғалімді іздеуге жақын маңдағы ауылдардан 100-ден аса ерікті, сондай-ақ, құтқарушы мен сүңгуір келген. Ол осыдан бес күн бұрын аудандық депутаттыққа кандидат досымен бірге аңға шыққаны белгілі. Олар Арыс өзенінде үйрек-қаз атпақ болған. Бірақ досының айтуынша, жолдасы қамыстың арасына кіріп, жоғалып кеткен.
Үш баланың әкесін табу үшін құтқарушылар тіпті су деңгейін төмендетуге мәжбүр болған.
"Іздестіру жұмыстары өзен түбіндегі өсімдіктер мен лайдың кесірінен қиындаған. Қамыс көп, сүңгуірлердің қозғалуы қиын. Соған қарамастан, бар күш-жігер жұмсалады, аумақтың әрбір сантиметрі қаралады. Оқиға орнында 20 сүңгуір мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 70 қызметкері жұмыс істеп жатыр", - Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!