- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында үшем...
Түркістан облысында үшем дүниеге келді
Түркістан облысының тағы бір жанұясы үшеммен толықты. Сайрам ауданында тұратын Эгамбердиевтер отбасында екі ұл, бір қыз дүниеге келді. Осылайша, ол бес баланың анасы атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
27 жасында көпбалалы әйел үшемге аяғы ауыр екенін білгенде қатты қуанғанын айтады.
"Үшем екенін білгенде қатты қуанып кеттік. Жүкітілігім жақсы өтті. Отбасымыздағы бәрі қатты қуанды үшем екенін біліп. Дәрігерлерге алғысым шексіз! Барлығына рахмет!", - деді Сайрам ауданының тұрғыны Назима Эгамбердиева.
Көпбалалы ана нәрестелерін жоспарлы кесар тілігі арқылы босанған. 34 аптаға толған сәбилер 17 қазан күні дүниеге келген. 10 күн ішінде дәрігерлердің бақылауында болды.
"Үшем 34 жүктілік мерзімінде жоспарлы кесар тілігі арқылы арқылы босанды. Ұл баланың салмағы 2 400 грамм, екінші қыз бала келді, оның салмағы 2 490 грамм, ал кішкентайының салмағы 1 730 грамм салмақпен туды. Алғашқы күні балалар жоғарғы күтімді қажет етті, сондықтан балалар жансақтау бөлімінде жатты. Келесі күніне басқа бөлімшеге ауыстырылды. Күтім жасалып, тексеру жүргізіліп отырды. Одан кейін балалар анасының қасына ауысты. Қазір балалардың жағдайы бірқалыпты", - деді №2 облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Жанар Мұхтарова.
Сәбилерге Хасан, Хусан және Фатима есімдері берілді. Отбасын құрғанына 6 жыл толған Эгамбердиевтер жанұясында бұдан бөлек, үш және екі жастағы екі ұлы бар.
"Жақсы, өте көңілді күйдемін. Барлығыңызға жұғысты болсын! Осындай балалар, немерелер барша қазақстандыққа жұғысты болсын! Екі ұлым бар бұдан алдын. Үшеу болды, екі ұл, бір қыз, енді бес баламыз бар", - деді Сайрам ауданының тұрғыны Ғиязутдин Эгамбердиев.
Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйге шығарылды. Айта кетейік, Түркістан облысында жыл басынан бері сегіз үшем дүние есігін ашқан.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан