Түркістан облысында үш көпірді су шайып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" арнасына сілтеме жасап.
Түркістан облысында демалыс күндері күн жаңбырлы болып, таудағы қар ерігендіктен, өзен суы арнасынан күрт көтеріліп кетті. Салдарынан Кентау-Қарнақ бағытындағы облыстық жолда Байылдыр өзенінің үстінен өткен көпірді су шайып кетті. Сондай-ақ, Созақ ауданындағы Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекенін байланыстыратын көпір де бұзылды.
Ал Сауран ауданының Бабайқорған ауылында өзен суы арнасынан асып, ауыл ішіндегі көпірді шайып кетті. Өзен суы сыртқа да жайылды. Теке ауылындағы көшелерді су басты. Алайда дер кезінде арнайы техникамен судың ағысы бұрылып, қауіп сейілді. Қазір Созақ пен Сауран аудандарындағы екі көпір қайта қалпына келтірілді. Ал Қарнақ бағытындағы көпірді жөндеу мәселесі қаралып жатыр. Мамандар ауылға қатынайтын айналма жол салып жатыр.
"Қазір судың деңгейі түскеннен кейін бүгінгі таңда 10 техника, 20 шақты адам айналма жол салып жатыр. Ертең айналма жолды көлік қатынасына береміз", - деді Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Жалайыров.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз