Түркістан облысындағы түрмеде бүлік шығарған сотталушылар түзету мекемесіндегі 88 бейнекамераны сындырған. Леңгір қаласының түбінде орналасқан №55 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандар осылай бүлік шығару арқылы ішкі тәртіпті бәсеңдетуді талап еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Бүлікшілердің талабы - мекеме аумағында орналасқан аймақта қоршауды алып тастау, ашып қою. Оның заңға сай келмейтінін түсіндіргенде олар наразылық білдірді. Ұлттық ұлан қызметкерлеріне күш қолданған, арнайы құралдарын тартып алған, тас лақтырған. Қол жұмсау дегендей, сондай деректер болған", – дейді Шымкент және Түркістан облысы ҚАЖ бастығының міндетін атқарушы Ермек Жалғасбаев.
Тоғыз жасақтан тұратын сотталушылардың үш отряды айтқаны болмаған соң, ескі киім мен матрастарды өртеп, электрге зақым келтірген. Түрме ішіне қойылған 753 бейнекамераның 88-іне зақым келтірген. Оларды сабырға шақырмақ болған Ұлттық ұланның екі сарбазы мен түрменің бір қызметкерін сабап тастаған.
Түзету мекемесінің электр жүйесін де таңға дейін істен шығарған. Осыдан кейін дабыл қағылып, тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ келіп, сотталушылардың бүлігін күшпен басқан.
Қылмыстық атқару жүйесіндегілерге сенсек, бірде-бір жазасын өтеуші таяқ жемеген. Есесіне, бүлік шығарып, түрме мүлкін бүлдіргені үшін үш баппен қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер тексеріп жатыр. Соққыға жығылған Ұлттық ұланның қос сарбазы мен түрме қызметкеріне жеңіл жарақат алған деген диагноз қойылған. Бүлінген камералардың 70 пайызы қайта іске қосылды. Түзету мекемесі қазір қалыпты жағдайда жұмыс тәртібіне көшті.
Еске салайық, 20 қыркүйек күні кешке сотталғандар электр трансформаторын өртеп жіберген. Тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның екі әскери қызметкері мен бір полиция қызметкері жеңіл жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!