- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында тұрғындар...
Түркістан облысында тұрғындар төрт түлікті тастақ жерге жаюға мәжбүр
Түркістан облысында тұрғындар төрт түлікті тастақ жерге жаюға мәжбүр. Өйткені Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылының әкімі елді мекен жанындағы карьерлердің аумағын мемлекет меншігіне өткізіп, жайылым жасамақ. Бірақ ауыл халқы қиыршық тас шығаратын жерге мал жаю мүмкін емес дейді. Ал осы кәсіпорында жұмыс істейтіндер енді екі қолға бір күрек таппай қаламыз деп қамығып отыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының аумағы әйгілі тастақ жерімен танымал. Сондықтан соңғы 20 жылда мұнда қиыршық тас шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ал ауыл халқы осы карьерлерде жұмыс істеп, күнін көреді. Бірақ Президенттің жайылым жер жұртқа қайтарылсын деген пәрменінен кейін ауыл әкімі дәл осы карьерлердің аумағын кері қайтарып жатыр. Алайда ауыл тұрғындары тастақ жерге қалай төрт түлікті өрістетеміз деп отыр.
"Шынымен осындай ой болатын болса, саяжайдың үстіңгі жағынан қанша гектар парникке беріп тастаған. Ол – Жаңажол халқының жайылым жері, осы жерді әперсін. Мына Қосшы дегеннің үсті жағында қырлы топырақ жерлер. Колхоз уақытында осы жерге су барып, егін егілген. Осы жерлерді беріп тастаған. Сонда мықты адамдардың малы жайылымы жақсы жерде жүреді, қарапайым халықтың малы осы тас жерде жайыла ма?! Мында келсе не жейді, тас жейді!", – дейді Елдар Розақұлов.
Тұрғындардың тағы бір уайымы — тас карьерлер мен кәсіпорындар жабылса, жаппай жұмыссыз қаламыз ба деген. Себебі мұндағы халық тығыз орналасқан ауылдарда осы карьерден басқа жұмыс жоқ. Бірақ мұндағы ауыл әкімі жұртпен сөзге келмей, «жер қайтарылсын» деген құжат әзірлеп, тіпті тұрғындардың қолымен құжат дайындап, жоғарыға жіберген. Бірақ жиналғандар ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз деп отыр.
"Әкім қолдан хаттама жасап жатқаны — қылмыс. Халықпен жиналыс болған емес, ешкімнің хабары жоқ. Қойылған қол біздікі емес. Менің қолым емес. Жиналысқа қатысты дегендерден сұрау керек. Оларды ешкім білмейді", –дейді Бахадүр Сатыбалдиев.
Ауыл әкімінің шешімімен келіспегендер адвокат жалдап, прокуратура мен антикорға арыз дайындап жатыр. Себебі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жабу ел экономикасына кері әсер етеді дейді.
"Үкіметке төленіп жатқан жыл сайынғы бірнеше миллиондаған салықтан айырылады. Одан бөлек, өзіңіз көргендей, мыңдаған, осы жердегі жақын ауылдарда тұратын халық жұмыс істейді. Оның әрқайсында бір-бір отбасы бар. Олар өзі отбасын асырап, бағып-қағады. Содан да айырылайын деп жатқан жайы бар", – дейді адвокат Нұржан Үсіпбеков.
Ал ауыл әкімі мемлекет есебіне қайтарылатын учаскелердің тізімін аудандық жер бөлімі берді дейді. Бірақ Мамыржан Нәжиев мемлекет мұқтажына алынатын жердің нақты қанша гектары карьер, қаншасы жайылым екенін айта алмады. Есесіне, жұрт жаппай жұмыссыз қалса да, жерді аламыз дейді әкім.
"Сол жерде нәпақа тауып отырған жұмысшылар нәпақа таба алмай қалады, біз оларға жұмыс беруіміз керек деп, заңсыз істей алмаймыз ғой. Сондықтан бұл – өмір. Ол жер тастақ жер, иә, ол жерде мынадай от шығады деп айта алмаймын. Оны барлық адам көріп тұр. Тастақ жер. Ол көктемде келуі мүмкін, қазір келмейді", – дейді Қарамұрт ауылының әкімі Мамыржан Нәжиев.
Мал жайылуға келмесе де, әкім тастақтан жайылым жасаймыз дейді. Бірақ басшының уәжімен келісе алмаған тұрғындар жұмыс орнын сақтап қалуға соңына дейін күресеміз деп отыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина