"Түркістан облысында тұрғын зорлаған балалар саны 15-ке жетті". Адвокат күтпеген мәлімдеме жасады

"Түркістан облысында тұрғын зорлаған балалар саны 15-ке жетті". Адвокат күтпеген мәлімдеме жасады
Фото: OTYRAR

Адвокат Айман Омарова Түркістан облысында ер адамның балаларды зорлауына қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.

Адвокаттың айтуынша, Отырар ауданында балабақша қызметкерінен жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар саны бұрын хабарланғаннан көп болуы мүмкін. Зардап шеккен балалардың жасы 5-10 жас аралығында.

"Алғашында үш қыздың зорланғаны туралы ақпарат түсті. Қазір олардың саны 15-ке жеткені туралы ақпарат пайда болды. Зорлық-зомбылық құрбандарының саны бұдан да көп болуы мүмкін. Күдікті қамауға алынды. Бұл видео хабарламаны Бас прокуратураға жолдап отырмыз. Өтінемін, барып тексеріп көріңіздерші. Өйткені кейбір ата-ана шағым түсіргісі келмейді. Өйткені олар іс жабылып қала ма деп қорқады", - деді адвокат Instagram-парақшасында тікелей эфирде. 

Адвокат Ләззат Рақышеваның айтуынша, күдіктінің маңайында тұратын көп ата-ана кішкентай қыздарын жаппай гинекологқа тексертіп жатыр. Сондықтан зардап шеккендер саны 15-тен аса болуы мүмкін.

"Күдікті балабақшада от жағушы болып жұмыс істейді. Жазда дәл осы ер адамның үстінен зорлық-зомбылық көрсеткені туралы арыз түскен. Бірақ істің неге ашылмағаны белгісіз", - деді Рақышева.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыздарды зорлады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталғанын хабарлған едік.

Түркістан облыстық полиция департаменті бастығы Мұрат Қабденовтің сөзінше, ауылдың екі тұрғынынан арыз түскен.

"Әлеуметтік желіде жарияланып жатқан хабарламалар бойынша нақты мынадай ресми ақпаратты хабарлаймын: Түркістан облысының полицейлері 33 жастағы ауыл тұрғыны тарапынан кәмелетке толмаған қыздарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау дерегі бойынша екі жергілікті тұрғынның арызына сәйкес соталды тергеу жүрігізіп жатыр", - деп жазды ол.

Ер адам кінәсін мойындаған.

Кейін Отырарда балабақша күзетшісінен зорлық көрген қыздың анасы сұхбат берді. 

Жәбірленуші қыздардың бірінің анасының айтуынша, 33 жастағы күдікті көрші тұрады  әрі ағайыны болып келеді екен. Бұл туралы жергілікті тұрғын 17 қазан күні түскі уақытта хабардар болған. Қызын дереу дәрігерге көрсетіп, кейін полицияға шағым түсірген.

"Ауруханаға барып, тексерттім. Алдымен расымен сондай жағдай болды ма? Көз жеткізіп алайын дедім. Бәрі айдан анық көрініп тұр. Тек мен емес, бірнеше қызды зорлағаны анық… Менің қызым 7 жаста", - деді жәбірленуші қыздардың бірінің анасы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек