Түркістан облысында тойда әншіні бұрынғы қайын атасы соққыға жыққан: сот үкімі шықты

Түркістан облысында тойда әншіні бұрынғы қайын атасы соққыға жыққан. Осы іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Оқиға 2025 жылы 31 тамызда Түркістан облысы Зағамбар ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған.

"Ән айтып тұрған жерімнен байқамай да қалдым. Кенет тап болып, бар күшімен бұрынғы күйеуімнің әкесі, бұрынғы қайын атам ұрды", - деді әйел.

Сотта не анықталды?

Түркістан облысы Төле би аудандық сотында ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен айыпталған Х.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

Сот мәліметінше, Х. 31 тамызда сағат 21:23 шамасында Төле би ауданында орналасқан "Зағамбар" тойханасында бұрынғы келіні, яғни жәбірленуші Т. тойда өлең айтып тұрғанын көріп, оған күш қолданған. Салдарынан жәбірленушінің мойны, білек және көкірек тұсы көгерген.

Сотталушы болған жайтты жоққа шығармай, өкініп, тек тағылған айыппен келіспей, өзінің әрекетін ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігі 5) тармағына сәйкес саралап, айыппұл салуды сұраған.

Сот үкімі

Сот үкімімен Х.-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, одан 800 мың теңге моральдық зиян және 700 мың теңге өкілдік етуге жұмсалған шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!