Түркістан облысында бастауыш сыныптың бағдарламасын еркін меңгерген төрт жасар бала тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Құрдастары әліпби жаттап жүргенде, Әли Адамбек есімді бүлдіршін күрделі есептерді оп-оңай шығарады. Оның білімге деген құштарлығын мектеп ұжымы да жоғары бағалап, ресми түрде оқуға қабылдаған.
Төрт жастағы Әли Адамбек - сыныптағы ең кішкентай оқушы. Бойы тақтаға әзер жетсе де, қабілеті жоғары. Оның оқуға деген құштарлығынан ойын баласы емес, нағыз ізденімпаз екенін аңғаруға болады. Ұстаздар қауымы оның есепке жүйріктігі мен есте сақтау қабілетіне жоғары баға беріп отыр.
"Байқап қарасақ, оқушыларымның деңгейінен жоғары. Үш таңбалы сандарды қосып, азайтып жатыр. Екі амалды беріп көрдім. Оны шығарды. Оқи ала ма екен деп әліппені берсек, әліппені де оқыды. Әріптердің бәрін алфавит бойынша тоқтамай, 42 әріпті орнын өзгертпей айтып бере алады. Жатқа біледі", - деді Алтынтөбе атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Әлия Миятбекова.
Әлидің ерекшелігін ата-анасы ерте аңғарған. Ол небәрі екі жасында әріп танып, үш жасында сандарды көбейтуге бейімделгенін айтады. Отбасындағы кенже ұлдың зеректігі ағаларының үй тапсырмасына көмектесіп отырғанда байқалған.
Бүгінде төрт жастағы Әли мектепалды даярлық тобын тәмәмдап, жоғары сынып оқушыларымен жарысып есеп шығаруға көшкен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!