Түркістан облысында тоғыз жасар қыздың өкпесі шіри бастаған

Түркістан облысында тоғыз жасар қыздың өкпесі шіри бастаған
Фото: Видео кадры / КТК телеарнасы

Түркістан облысында өкпесі шіріген балаға шұғыл көмек қажет. Бадам ауылында тұратын тоғыз жасар Сезімгүл Қалмаханның өкпесі екі жылдан бері іри бастаған. Қазір тек тыныс беру аппаратымен жатыр. Алматылық дәрігерлер қыздың әрі кетсе бір жыл ғана өмірі қалғанын айтыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

КТК телеарнасының хабарлауынша, кішкентай науқасқа донор табылып, Үндістандағы медициналық клиника ота жасауға келіскен, бірақ оған қомақты қаражат керек. 

Қазақстанның ауруханаларын түгел жағалаған жақындарына дәрігерлер "Біздің елде емі жоқ" деген екен, бірақ бірер ай бұрын Үндістаннан Сезімгүлге өкпе доноры табылып, сол жақтың клиникасы бір айда үлгеріп келсеңіздер, өкпесін ауыстырамыз депті, бірақ құны 40 миллион теңге тұратын отаны төлеуге бұл отбасы қауқарсыз.

"Алматыдағы дәрігерлер әрі кетсе екі жарым жыл өмірі қалды деді. Бір жыл өтіп кетті, күннен-күнге қиындап барады. Бұрын 2-де тұратын еді, кейін 3 болды, қазір аппараты 4 жарым, 5 деп тұр. Дем жетіспей жатыр. Ыстық та жақпайды, терезені ашып тастадық. Өкпені ауыстырамыз дейді. Өкпесі жарамай қалған. Қазір тек жүрекпен демалып жатыр", - дейді Сезімгүлдің атасы Қалмахан Әзбергенов.

Сезімгүлдің дәрі-дәрмегін алу үшін жақындары малын сатып бітіпті. Қазір 12 адамнан тұратын отбасы отаның тым болмағанда бір бөлігіне жеткізу үшін жалғыз шаңырағын сатылымға қойған. Бірақ Бадам ауылындағы ескі үй көп болса, 2-3 миллион теңгеге бағаланады. Сондықтан жомарт жандардан көмек сұрауға мәжбүр. Өйткені небәрі тоғыз жастағы Сезімгүл түтікшесіз тыныс алуды армандайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан