Түркістанда мал ұрлады деген күдіктілерді полиция ғимаратында қинаған тәртіп сақшыларына сот үкімі шықты. Алайда онымен келіспеген сотталушылар судья үкімді оқып жатқан кезде қоршауды сындырып шығып, қарауылға шабуыл жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otryrar.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылдың басында Сауран аудандық тәртіп сақшылары қос тұрғынды 2 қой ұрлады деген күдікпен ұстаған еді. Сол кездегі полиция қызметкерлері тергеу барысында күдіктілерді ұрып-соғып, басына пакет кигізіп қинағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Осыдан бастап тексеріс жүргізіліп, күдіктілердің ұрлыққа қатысы жоқ екені дәлелденді. Кейін жәбірленушінің бірі өзін қорлаған 6 полицейдің үстінен арыз жазған. Қылмыстық іс тіркеліп, қызметтік тексеруден кейін полицейлер жұмыстарынан босатылды.
1 жылға созылған сот процесі аяқталып, кінәлі деп танылған бұрынғы 4 полиция қызметкері 4 жылға, ал екеуі 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын өтеп шыққан соң 3 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар олар жәбірленушінің біріне 3 миллион, екіншісіне 2,5 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігі 1, 2-тармақтарында және 414-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын", - деді үкімді оқыған Түркістан сотының судьясы Абай Бекботаев.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Ал шешіммен келіспеген сотталушылардың ата-аналары мен туыстары аппеляциялық шағым жазуға бел буып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!