Түркістан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті әлеуметтік желілерде резонанс тудырған, мемлекеттік қызметшінің төбелесі бойынша тексеріс жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде, 5 желтоқсанда Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесі тиісті шешім қабылдады.
"Кеңес шешімімен Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы С. Жалықұлға қатысты қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін "атқарып отырған лауазымынан босату" түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды", - делінген хабарламада.
Әдеп жөніндегі кеңес Жалықұл тарапынан болған тұрпайы, қоғамға жат мінез-құлықты, сондай-ақ мемлекеттік органның беделін түсіретін әрекет жасау арқылы жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды бұзу дерегін анықтады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз