Түркістан облысында шегірткеге қарсы күреске 4 ұшақ бөлінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңделген 260 мың гектардан басқа, өңірде 50 мың гектардан астам таралу учаскелері анықталған. Қосымша өңдеу Түркістан облысының Арыс қаласында, Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Шардара аудандарында жүргізіледі.
8 маусымда шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин өңірлердегі жағдай туралы баяндамаларды тыңдады.
Түркістан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, қосымша өңдеу 70 бірлік жерүсті техникасының көмегімен жүргізілуде, оған қоса қосымша 4 ұшақ келді. Қазіргі уақытта барлық қажетті техника көкөніс-бақша дақылдары алқаптарының айналасында шоғырланған. Бүгінгі таңда егістікке зиян келген жоқ.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері көбейе бастады. Өңдеуге арналған техника дайын. Жалпы облыста 76 бірлік техниканы пайдалана отырып, өңірдің 12 ауданында 281 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткенің пайда болу орындарын тексеру және анықтау үшін 600-ге жуық адам тартылды. Олар фитосанитариялық инспекция, әкімдік қызметкерлері және уақытша қызметкерлер. Шегірткенің белсенді өсу кезеңінде жұмысты күшейту үшін әкімдікке тағы 14 бірлік техника қажет.
Қостанай облысының бес ауданында 29,4 мың га аумақта химиялық өңдеу жүргізілді. Дернәсілдердің көбею орындарына мониторинг жасау және анықтау үшін 129 тексеруші және 326 уақытша қызметкер тартылды. 72 бірлік техника әзір тұр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!