- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында шаруалар...
Түркістан облысында шаруалар тізерлеп отырып көмек сұрады
Түркістан облысында шаруалар өңір әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуді ерекше әдіспен талап етті, - деп хабарлайды Otyrar.kz.
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуге бір топ адам келгені көрінетін видео тарап жатыр.
"Бізге әкім емес, хан келді. Ханнан тізерлеп отырып сұрау керек. Сондықтан тізерлеңіздер, ол шықсын", - видеодағы ер адам.
Осыдан кейін 50-ге жуық адам тізерлеп отырады. Оның ішінде егде жастағы адамдар, әйелдер де бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері видеода Шардара, Төле би, Жетісай, Мақтаарал және Ордабасы аудандарының шаруалары екенін айтқан. Олар мақта бағасына қатысты мәселені шешуге көмек сұрау үшін әкімге келген.
"21 қыркүйекте әкім кеңес өткізіп, шаруалармен кездесті. Мақта өңдеу зауыттары мен сатып алушылар 1 тонна мақта құнын 180 мың теңгеге бағаласа, келіссөз барысында баға 250 мың теңге болып бекітілді. Қазір шитті мақтаны қабылдау үшін 209 мақта қабылдау пункті және 22 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Алайда бұл салада бір мәселе бар, мақта өңдеу зауыттарынан жергілікті атқарушы органдар талап ете алмайды, өйткені олар жеке кәсіп саналады", - деді ведомство өкілдері.
Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігінен мақта өндірісіне субсидия бөлу туралы ұсыныс жолданған. Бірақ шаруалар әкімге келгендегі тағы бір даулы мәселе - жер дауы. Шаруалар Дархан Сатыбалдыдан мәселені шешуге ықпал етуін сұраған.
"Ордабасы ауданында орналасқан "Ықылас-Темір" өндірістік кооперативінде дау туындағаны анықталды, іс сот тәртібімен қаралып жатыр. Жергілікті биліктің сот процесіне араласуына заңмен тыйым салынған", - деді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.
Сондықтан өңір басшысы жергілікті әкімдікке шаруаларға көмектесу үшін өндірістік кооперативтің ішкі дауларын зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған. Облыс әкімінің орынбасары және басқарма басшылары халықпен кездескен. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, қазір облыстағы жағдай тұрақты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова