Түркістан облысында полицейлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кешкі сағат 18:30 шамасында көше бойында 16 жастағы қыздың денесі құрысып, есінен танып қалған. Жақын жерде жүрген адамдар жедел жәрдем шақырған. Осы кезде қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полицейлер жағдайды байқап, шұғыл оқиға орнына жетті. Бұл сәтте қыз шалқасынан жатып, әрең дем алып, есін жоғалтқан.
"Тәртіп сақшылары ең алдымен қыздың тыныс алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Кейін жедел жәрдемді күтпей, қызметтік көлікпен аудандық ауруханаға жеткізді. Қыз ауруханада, бүгінде оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Жасөспірім туған күнге қонаққа бара жатып, күтпеген жерден ауа жетпей, әлсірегені анықталды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында ол қажет медициналық көмек алды", - деп жазылған хабарламада.
Жасөспірімнің ата-анасы полицейлерге дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!