Түркістан облысындағы №1 облыстық перзентхананың бас дәрігері мен есепшісі пара алып, мемлекет мүлкін жымқырды деген айыппен сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar-ға сілтеме жасап.
Сот алдына бас дәрігер мен есепшімен қоса, пара берген кәсіпкер мен өзгенің мүлкін жымқырды деп айыпталған кәсіпкер де келді.
"Құны шамамен 13 миллион теңге тұратын жылу қазандығы мемлекеттік сатып алу туралы шартта 15 миллион теңгеге бағаланған. Іс бойынша делдал ЖШС басшысы болып шықты. Оның есеп шотына ақша аударылып, оның бір бөлігін беруі керек болған. Осы мемлекет ақшасының аударылуы бойынша тергеу басталып, қылмыстық іс қаралды", - деді Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Әйнел Орақбаева.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Төртеуіне де айыппұл салынды. Судьяның үкім шығаруына айыпталушының өкінуі, келтірілген шығынның өтелуі, олардың қамқорлығында жас балалардың болуы әсер етті.
Бұрынғы бас дәрігер мен есепші мемлекетке 27 миллион теңгеден, ал кәсіпкерлер 15 және 20 миллион теңгеден төлеуге тиіс.
"Барлығы өз кінәсін толықтай мойындап, іс бойынша дәлелдерді дау келтірмеді және жеделдетілген тергеу түріндегі арыз берді. Сотта олар жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Сондықтан сот төртеуіне де айыппұл салды", - деді Әйнел Орақбаева.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!