- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында ойын...
Түркістан облысында ойын бизнесімен күрес жұмыстары қалай атқарылып жатыр?
Қазіргі таңда лудомания мәселесі өршіп тұр. Адам өмірінде әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, рухани тұрғыда азғындалуға әкеледі. Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы бойынша лудомания мен ойын бизнесіне қарсы күрес шаралары қалай жүргізіліп жатқанын анықтады.
Мемлекет басшысы: "Бейбіт күнде елдің шырқын бұзған қатер"
Бұл індет халықты ғана емес, билікті де ойландырған ауқымды нәрсе болып отыр. Осы мәселе төңірегінде биыл Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады" деген еді. Яғни халық пен билік болып күресетін ортақ ұлттың ұлы қасіреті болып отырған лудоманияның алдын алу шараларын тездетіп жасауға тапсырма берді. Өйткені елде қауіпті кеселге айналған лудоманиядан құтылудың жолдарын іздеп жүргендердің қатары 300 мыңнан асады. Сол мәжілісте Президент сөзіне тұздық қылған депутаттар да құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққанын айтты.
"Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарға қандай да бір қатысы бар. Ажырасудың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Араға 1,5 жыл салып ойын бизнесін реттеу бойынша заң жобасын қолға алып отырмыз. Құжатқа Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте басқа заңдар бойынша қорытындыны 1–2 ай күтетін болсақ, бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен", – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Құмар ойынға қатысуға қалай шектеу қоюға болады?
Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң азаматтардың санасын улаған бұл дерттен арылу үшін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы бірлесе бәс тігуді шектеудің онлайн форматын құрды. Бұрын бұл қызмет қағаз жүзінде іске асып, 8 күн ішінде қарастырылып келген. Енді азаматтар өз-өздеріне құмар ойындарға қатысу мен бәс тігуге шектеу қоя алады. Ол үшін өтінішті eGov мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде беру керек.
Бұл туралы Түркістан облыстық ХҚКО маманы түсіндіріп берді. Цифрлы формат көмегімен кез келген отандасымыз, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер 6 айдан 1 жылға дейін шектеу орнатып, букмекерлік кеңсе мен онлайн казинода ойнау құқығынан уақытша айырылады.
"Лудомания, құмар ойындардан өзіңізді сақтағыңыз келсе, бүгінде электрондық үкіметте арнайы бөлімше пайда болды. Өтінім беру үшін eGov mobile мобильдік қосымшасында "Қызметтер", содан кейін "Спорт" бөліміне өтіңіз. Қызметтер тізімінен "Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервисті" таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін айлармен көрсетіп, "Қызметке тапсырыс беру" түймесін басыңыз. Әрі қарай сіз жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып, қызметке қол қоюыңыз керек. Қызметке қол қойылғаннан кейін өтінім мәртебесімен таныса аласыз. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектегісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруге тиіс. Үшінші тұлғалардың өтінім беруіне жол берілмейді. Бұл тетік қаржылық проблемалар, лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді. Әрі өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты үнемдейді", – деді Түркістан облыстық ХҚКО маманы.
Түркістан облысында өткен ауқымды форум
Бұдан бөлек, Түркістан облысында жыл басынан бері бірнеше ауқымды шара ұйымдастырылды. Мәселен, Келес ауданында "Лудомания — қоғам дерті" атты облыстық форум өтті. Қоғам дертіне айналған осы індет туралы шара еркін форматта өтіп, өңірдегі жасөспірімдер, студенттер мен қоғам белсенділері қатысты. Форумға Келес ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Сариев, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Бектаев сөз сөйлеп, жастарды құмар ойыннан аулақ болуға шақырды.
"Лудомания – үлкен дертке айналған қауіпті құбылыс. Жалпы құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет. Осы шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат — аудан жастарын құмар ойыннан аулақ болуға шақыру, зардаптары мен салдарын көрсету", - деді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Нұрланұлы.
Түркістан облысында тұңғыш ұйымдастырылған форумға көпшілікке "Жайдарман", "Азартник" сериалдары арқылы танылған Нұрсұлтан Мейірбек, Ғани Беркінбаев, Бағлан Шеріпбаев және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қатысып, психоәлеуметтік мәселелер салдарынан туындайтын ойынға құмарлықтың статистикалық көрсеткіші бойынша нақты деректер келтіре отырып баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Шараға Түркістан облысының аудан, қалаларынан 400-ге жуық жас қатысып, келген қонақтарға жан-жақты сұрақтар қойылып, келушілер жауаптарын алды.
Құмарлықтан жапа шеккендер саны қанша?
Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады. Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес, 2023 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық жасалған, оның 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Ал 2023 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, 3676 суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат салған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған мәліметі бойынша елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны отыз алты мыңнан асып жығылады. Түркістан облыстық прокуратурасы берешек қарызы жиналған 72 борышкердің құмар ойындарына жалпы 274 млн теңге салым салғанын анықтады.
"Статистикалық мәліметке сәйкес осы жылдың өткен мерзімінде облыс бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алиментке қатысты 22 219 атқару құжаттары орындауда болып, нәтижесінде 2 376 аяқталып, 19 843 құжат орындалу сатысында", - деп хабарлады өңір прокуратурасы.
Бүгінде Түркістан облысында жергілікті үкімет пен қоғамдық ұйымдар халықтың құмар ойындарға тәуелділігі мәселесін шешу мақсатында ақпараттық компаниялар шаралар ұйымдастырып жатыр. Бұл компаниялар арқылы халыққа құмар ойындардың зияны түсіндіріліп, көмек көрсету шаралары жүзеге асырылып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы