Түркістан облысында оқушылар 572 миллион теңгеге салынған мектепке кіре алмай отыр
Түркістан облысында оқушылар едені шіріген ескі оқу ғимаратында оқып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, негізі Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылына 572 миллион теңгеге су жаңа мектеп салынған. Бірақ құжаты дайын емес деп, оқушыларды әлі кіргізбепті. 100-ден астам оқушы көмір жағатын сыныпта сығылысып сабақ оқып жатыр.
Ақсүмбе ауылының оқушылары әбден ескіріп тоз-тозығы шыққан мектепте білім алып жүр. Ағаш еден дәлізден бастап кабинеттерге дейін шіріген. Мұғалімдері күніге кешкісін шашылуға шақ тұрған еденді жамап-жасқайды. Ал әр 45 минут сайын кабинеттегі пешке көмір салмаса, азынап кетеді.
"Зиян ғой, терезе-есіктерді ашып, ауасын тазартып қоямыз. Үлгереміз, қоңырауға шыққанда көмір салып қоямыз. Онша жылымайды, қызуы жоқ, апыр-топыр жанады да, жоқ боп кетеді. Күлі көп. Сол үшін үздіксіз жағып тұру керек", - дейді мектеп қызметкері Раушан Бадабаева.
Көне мектептің жартысы көмірмен, қалған бөлігі сұйық отынмен жылытылады. Бес-алты жыл бұрын ауылға жаңа мектеп керек деген мәселе көтеріліп, былтыр су жаңа ғимарат салынған. Бірақ білім ордасы әлі күнге дейін пайдалануға берілмепті.
Ескі мектеп те, жаңа мектеп те бір аумақта тұрған соң, Ақсүмбе тұрғындары бұл екеуін жаздық және қыстық деп екіге бөледі. Себебі, толық жабдықталып, сырты жылтырап тұрғанымен, ғимараттың іші тастай суық.
572 миллион теңгеге салынған мектеп ішінен қарағанда да үлгілі оқу орны сияқты. Спортзалда велотренажерға дейін орнатылған. Бірақ құрылысы біткен соң, көптеген ақау шығып, ауыл тұрғындары мердігерге кем-кетікті қайта жөндеткен.
Сапасыз қазандықтар қойылғанын мектеп директоры да мойындайды. Өйткені күн суытқан кезде бір апта жағып, ғимарат ішін жылыта алмапты. Осыдан соң мердігерге айтып, қуаттысына ауыстырған. Бірақ жылу жүйесіндегі су қатпасын деп төгіп тастаған. Сондықтан күн жылынбайынша, от жаға алмаймыз, ал оқушылары оқып жатқан ескі мектепке отын дұрыс қаралмаған соң, өзге мектептерден сұрап алып жатырмыз дейді.
"Жылу жүйесіне маусымға 32 тонна қаралған. Сұйық отынды уақтылы беріп жатыр. Бірақ бізге жаңа мектепке кіреді деп биыл қаралмаған. Басқа мектептерден міндеттеп әперіп жатыр", - дейді Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің директоры Мейрам Әлмаханов.
Қабылдап-өткізу құжаттары кешіктірілген соң, оқушыларды жаңа ғимаратқа кіргізе алмадық деген басшы тиісті қағаз бірер күн бұрын келгенін айтады. Сондықтан күн жылынса, жаңа ғимараттағы пешті қайта іске қосып көрмекші. Ал жауаптылардың жайбасарлығынан хабары жоқ оқушылардың пеш жағылып жатқан көне кабинетте білім алудан басқа амалы жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина