Түркістан облысында полиция жарылғыш зат туралы жалған хабарлама жасаған кәмелетке толмаған баланы тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысында полицияға белгісіз адамнан қоңырау келіп түсті. Онда Жетісай ауданы оқу орындарының бірінде жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарланған. Оқиға орнына шұғыл түрде арнайы қызметтер шығып, оқушылар мен мектеп әкімшілігін эвакуациялады. Тексеру кезінде хабарлама жалған болып шықты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының полицейлері жарылғыш құрылғы туралы хабарлаған кәмелетке толмаған 11-сынып оқушысының жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
Еске салайық, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған. 14 жасқа толған адамдар бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық шығын өтелуге тиіс. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!