Түркістан облысында оқушы сыныптасымен арадағы келіспеушіліктен соң қайтыс болған

Түркістан облысында оқушы сыныптасымен арадағы келіспеушіліктен соң қайтыс болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы ауылдардың бірінде 12 жастағы оқушы сабақ кезінде сыныптасымен келіспей қалып, кейін көз жұмған. Баланың анасы кінәлілер жазасын алса дейді. Полиция тергеу жүргізіп, басқа тұжырымға келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марқұмның анасының айтуынша, балалар телефон үшін келіспей қалған, кейін бірі екіншісін тұншықтыра бастаған.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, 7 ақпанда Түркістан облысының Қазығұрт ауданында кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 141-бабы 2-бөлігімен (Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) қылмыстық іс қозғалған.

"Тергеу барысында оқушының қайтыс болуы денсаулық жағдайы күрт нашарлауына байланысты болғаны анықталды. Ол медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болды. Тергеу аясында куәлардан, оқытушылардан жауаптар алынды. Жәбірленушілердің дәлелдері мен алынған бейнежазбалар зерттелді, бірқатар қажет сараптама тағайындалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының жабылып, тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған", - деді полиция.

ПД мәліметінше, мәйіттен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, тұншығу белгілері табылмаған.

"Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты", - деді полиция.

Сонымен қатар, әкімдікке оқиғалар мен құқықбұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілген.

"Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша мектеп директоры мен бес педагог жұмыстан шығарылды", - деді өңірдің ПД өкілі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget