Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Қазығұрт ауданында көшелерге су жайылған видео тарады. Бұл видеолар 1 қазандағы нөсерден кейін пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті 1 қазанда жауған нөсер салдарынан Қазығұрт ауданында жаңбыр суы жиналғанын хабарлады.
Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында су көшеге және тұрғын үйдің жертөлесіне жайылған. Оқиға орнына ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылған. Құтқарушылар 200 текше метрге жуық суды сорып шығарған, жұмыс толық аяқталған. ТЖД өкілдері тұрғын үйлерді су баспағанын айтты.
Бұдан бөлек, таулы жерлерде жаңбыр суы төмен қарай аққаны байқалған. Бұл жағдай Алтын төбе ауылдық округінің Қосағаш, Қызылқия ауылдық округінің Қызылсеңгір, Тұрбат ауылдық округінің Тұрбат ауылдары маңында тіркелген.
ТЖД бұл елді мекендердегі тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
"Нөсер салдарынан бірнеше ауылдан сел өткен. Қазір сел өткен жерлерде жергілікті атқарушы органдар және Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Арнайы 9 техника, 64 адам жұмылдырылды. Адам шығыны мен құлаған үй-жайлар жоқ", - деді аудан әкімдігі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!