Түркістан облысында білім беру ұйымдарындағы 1,5 мыңға жуық күзетші бір мезетте жұмысынан айырылған. Оның 1 мыңға жуығына жұмыстан айырылуына байланысты өтемақы төленбеген. Мұндай деректі облыс прокурорлары анықтаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын объектілер террористік тұрғыдан осал объектілерге өтуіне байланысты оларды күзету жеке күзет агенттіктеріне берілген.
"Бұл құқықтық өзгерістердің салдарынан Түркістан облысының білім беру бөлімдері 1 473 мектеп күзетшілерімен еңбек шарттарын біржақты бұзған. Алайда жұмыс беруші енбең заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақыны төлемеген. Қолданылған шаралармен бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлемдері аударылды (115 миллион теңге)", - деп хабарлады прокуратура.
Ведомстводағылар бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын және ол облыс прокуратурасының бақылауында екенін хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!