Түркістан облысында мұғалімдер сабақ кезінде шетелде жүрсе де, жалақы алып отырған

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасы аудандық білім бөлімінде және оған қарасты білім беру ұйымдарында Еңбек және Бюджет кодекстері талаптары сақталуына талдау жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Талдау нәтижесінде білім беру саласының бірқатар қызметкері жұмыс уақытында және сабақ кезінде шетелге шығып кеткені анықталған.

Алайда олар жұмыс орнында болмаған уақыттарына қарамастан жалақы толық көлемде есептеліп, төленген.  

"Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ, мектеп мұғалімдері мен жұмысшылары сабақ, жұмыс уақытында шетелге шыққаны тіркелген. Талдау қорытындысы бойынша білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты 389 мың теңгеден аса, ал білім беру ұйымдары бойынша жалпы 15 млн теңгеден аса бюджет қаражаты негізсіз жұмсалғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жұмыс уақытында шетелге шыққан қызметкерлермен қатар, осы заңбұзушылықтарға жол берген басшылар "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 50-бабын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған Түркістан облысы прокуратурасы хабарламасында.

Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне 15 миллион теңгеден аса қаражат өндіріліп, 680 тұлға жауапкершілікке тартылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!