Желіде жылап жатқан оқушы қыздың видеосы әп-сәтте тарап, қолданушылар арасында қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Видео авторларының айтуынша, оқиға Мақтаарал ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде болған.
Мұғалім сабақ кезінде оқушыларға ұлттық киім элементтері бар мектеп формасын киюге рұқсат бермей, желеткені шешуге мәжбүрлеген көрінеді.
Мұғалім оқушыларға психологиялық қысым жасағаны айтылған. Видеоны тәрбие ісінің меңгерушісі түсірген болуы мүмкін. Ол мұғалімнің әрекетін айыптайды және балаларды жүйкесіне тимеуді өтінеді. Жанжал мұнымен бітпейді. Мұғалім өз сабағына ұлттық киіммен келмеуді талап етеді.
Кадрларға қарағанда, жанжал білім ошағының дәлізінде де жалғасқан. Бұл кезде өзге мұғалімдер директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан іске араласпауды сұрап, айғайлайды және мұның бәрін видеоға түсіреді.
Психологтар оқушы қызды қолдап, тыныштандыруға тырысқан. Қазір оқиға Оқу ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
"Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы жағдайға қатысты. Қазіргі таңда жағдайды жан-жақты зерделеу үшін Түркістан облысы білім басқармасы мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар қабылданады", - деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Бұл дерек Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінде тіркелді. Тергеу қорытындысы бойынша полицейлер заңды шешім шығаруға уәде беріп отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!