Түркістан облысында мердігер салғырттығынан екі ауыл сусыз отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап.
Түркістан облысының Келес ауданында екі бірдей елді мекенді ауыз сумен қамтуға 894 миллион теңге бөлінген, алайда жұрт тіршілік нәріне жарымай отыр. Себебі мердігердің салғырттығынан жұмыс тоқтап тұр. Құрылыстағы кемшіліктерді құзырлы органдар бірнеше рет тексерсе де, нәтиже жоқ. Құрығы ұзын компанияны тапсырыс берушілер ақыры сотқа беруге мәжбүр болған.
Бұл Ақжол ауылындағы көшелердің қазіргі жағдайы. Мердігер су жүргіземін деп шұңқыр қазып кеткенімен ашық-шашық жатыр. Оның ішіне топырақ толып, құбырлар жалғанбай қалған. Ал көшелер жылдар бойы жөнделмейді.
"Арғы көшемен бергі орталық көшеге өтетін көше. Аралықта балалар түсіп кетіп жатыр. Мал түсіп кетеді. Кеше мал түсіп кеткен. Ана қақпағы жұлынып кеткен. Мынаның қақпағы жоқ. Арғы жағында да жоқ", - дейді Ақжол ауылының тұрғыны Исматулла Нұрәлиев.
Алты мыңнан аса халық тұратын Ақжол мен Қауыншы елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Оған мемлекеттен 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алайда құбырларды тапсыру мерзімі былтырдың соңы болса да, жұмыстың аяқталатын түрі жоқ. Мердігер қаралған қаржының 700 миллион теңгесін алып қойғанымен мардымды жұмыс атқармаға.
Ақжол ауылының тұрғыны Гауһар Жораеваның айтуынша, суды алдымен қарашада, кейін сәуірде береміз деп уәде еткен.
"10 қарашада береміз деген, бермеген. Көктемде сәуірде тағы береміз деген. Кешегіде бір жаздың өзінде шілдеде береміз деді. Енді тамызда береміз деді. Бірақ су әлі жоқ. Қазір екі ауылдың халқы Өзбекстаннан келетін арықтың суын талға жау етіп отыр. Базбірі арықтан шелекпен тасыса, енді бірі ақшасын төлеп қолдан қазып алған құдығына су құйғызып алады", - деді ол.
Салаға жауаптылар судың жерасты барлау жұмыстары көрсеткендей 42 метрден емес, 840 метрден шыққанын айтады. Бұл жұмыстар біраз уақыт алған. Десе де, өз жұмысын салғырт жүргізгені және жұмысты мерзімінен бір жыл кешіктіргені үшін мердігер мекемені сотқа берген.
"Бұл бойынша құзырлы органдар ба, шағым бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Және де қазір сот мердігер мекемені жұмысын толық аяқтатуға міндеттеп отыр", - деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Келес.
Мердігер компанияның сенімді өкілі бұған қатысты пікір білдірді.
"Алматыдан су сорғыштарға тапсырыс беріп қойғанбыз. Ертең келсе, монтаж жасап бастаймыз. Одан кейін ауылға қарай жұмыстарды бастап көрсетеміз", - деді мердігер компанияның сенімді өкілі Сабыржан Садықбеков.
Қалай болғанда да, тендерді жеңіп алған компания жыл аяғына дейін жұмыстарын аяқтап, тапсыруға міндеттеліп отыр. Оны атқармаған жағдайда мемлекетке айыппұл төлеуді жалғастыра беретін болады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!