Бүгінде лудомания тақырыбы бір ғана отбасы, бір ғана жанұяға қатысты мәселе емес. Лудомания "жалпыұлттық дертке айналғаны" соншалық - статистика сан мың отбасы осы себептен күйреп жатқанын көрсетеді. Психологтар кез келген нәрсенің шектен тыс деңгейге жетуі құмарлыққа әкеп соғатынын, лудомания да соның айқын бір көрінісі екенін айтады. Мамандар мұның салдары психикалық ауруға да айналатынын жасырмайды. Лудомания - күллі ұлттың болашағына балта шабатын кесел.
Дегенмен Қазақстанның түкпір-түкпірінде өскелең ұрпақты зиян әдеттен, соның ішінде ойынқұмарлықтан сақтауға бағытталған алдын ала шаралар да қолға алынған. Бұл істен мемлекеттік органдар да тыс қалмайды. Осы тұста Massaget.kz тілшісі Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің "Талантты жастарды қолдау" бөлімінің басшысы Қайрат Ақтөре Мейіржанұлымен сұхбаттасып, өңірде лудоманияға қарсы күрес шаралары қалай атқарылып жатқанын сұрады.
- Бүгінде сіздердің тараптарыңыздан бұл кеселдің алдын алуда қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған күрделі мәселелердің бірі ойынқұмарлық болып отыр. Бүгінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетін, ойламаған жерден оңай олжа тапқысы келетін, бәс тігіп, соңында басы бәлеге шатылып жатқандарды жиі кездестіріп жатамыз. Ғылым мен техниканың дамыған заманында қоғамға пайдалы дүниелерден бөлек, керісінше кері әсерін тигізіп жатқан тұстар да көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін осы мәселенің қаншалық қауіпті екенін баса айтқан еді: "Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шара қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар, тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Аталған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін".
Кейінгі уақытта Түркістан облысында ойынқұмарлық мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр. Облысымызда бұл мәселе, яғни лудоманияның алдын алу - кешенді мәселе, сондықтан біз қоғам әлеуетін барынша пайдалануымыз керек. Жастар арасында лудомания туралы ақпараттың жиі тарауы, оның жағымсыз әсерін түсінулері маңызды мәнге ие. Биыл біздің Түркістан облыстық жастар орталығының бастамасымен 17 ауданда, оған қоса қалада лудомания деңгейін азайту, бос уақытты пайдалы іске жұмсау, ойынқұмарлықтың алдын-алу мақсатында "Лудомания – қоғам дерті" тақырыбында маңызды іс-шара, облыстық форум өтті. Бұл ауқымды форумға 5 000-ға жуық жас пен 25 білікті психолог қатысты. Сондай-ақ, Астана қаласы "Көмек" оңалту орталығының психологы, 14 жылдық тәжірибесі бар психолог-психотерапевт Серікгүл Сали Астанадан арнайы келіп, жастарға семинар-тренинг өткізді. Ойынқұмарлықтың алдын-алу бойынша Келес ауданында да облыстық деңгейдегі форум өтті. Лудоманиямен күрес мақсатындағы форумға "Жайдарман", "Азартник" секілді сериалдар арқылы танылған Нұрсұлтан Мейірбек, Ғани Беркінбаев, Бағлан Шеріпбаев және Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп тексеру департаментінің екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қатысып, деректерге сүйеніп баяндама жасап, түйткілді мәселелерді көтеріп, пікірлерін бөлісті. Мән-мазмұны жоғары іс-шараға Түркістан облысының аудан, қалаларынан 400-ге жуық адам қатысып, іс-шараға қатысқан қонақтарға түрлі сауалдар қойылды. Сонымен қатар, "Лудомания: қоғамға келген қатер" атты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовпен бірге осы тақырып аясында кездесу өткіздік. Кездесуге келген жастар спикерге өз сауалдарын қойып, ойынқұмарлық жайында пікір алмасты. Біздің облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан кездесулердің де негізгі мақсаты - құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таба алмай жатқандар санын азайту, жастарға құмар ойындардың қоғамға әкелер зардабын түсіндіру, кері әсерін ұғындыру.
- Өңірде атқарылып жатқан іс-шаралардың былтырғы, биылғы нәтижесі қандай?
- Қоғам дертіне айналып келе жатқан лудоманияның алдын алу мақсатында былтыр өткен іс-шаралар жөнінде айтар болсам, 2023 жылы аудан, қала бойынша жастар арасында лудоманияның алдын алу мақсатында 327 психо-профилактикалық жұмыс жүргізіліп, 18 153 жас қамтылды. Сонымен қатар, Арыс қаласы, Жетісай, Қазығұрт, Отырар, Мақтаарал, Шардара, Төлеби, Сайрам т.б. аудан, қалаларда жастар мен жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлыққа жол бермеу және лудоманияның алдын алу мақсатында "Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам", "Қауіпсіз қоғамдағы жастардың келбеті", "Жалынды жастар – жарқын болашақ", "Лудомания – қоғам дерті!" секілді тақырыптарда форумдар өткізілді. Жалпы 2 225 жас қатысты. Сондай-ақ, былтыр жастарға құмар ойынның зардаптарын түсіндіру, алдын алу және қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында "Ойынқұмарлық - заман дерті" атты кездесу өткізіліп, іс-шара барысында 150 жас қамтылды.
Биыл қаңтар-тамыз айларында аудан, қала бойынша 126 психо-профилактикалық жұмыс жүргізіліп, 1 628 жас қамтылды. Ойынқұмарлық мәселесі бойынша былтырғы жылы да бірқатар кездесу өткізіліп, тындырымды тірліктер атқарылған болатын. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде облыс көлемінде нәтижелі жүргізіліп жатыр.
Деректерге көз тастасақ, биыл Қазақстанда төрт жүз мыңнан аса адам ойынқұмарлыққа шалдыққанын байқауға болады. Былтырғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ажырасқан әрбір 10 отбасының жетеуінің жанжалдасуына лудомания тікелей әсер еткен екен.
- Жастар арасында лудоманиямен күресте тағы қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Біздің басты бағыттарымыздың бірі - жастар арасында белең алып бара жатқан мәселемен күрес шаралары. Оған қоса жастарды лудомания және оның салдары туралы ақпараттандыруға бағытталған. Біздің мамандар семинарлар мен тренингтер өткізіп, осы салада жоғарғы деңгейде жұмыс істеп келе жатқан арнайы спикерлермен бірге жастарға ақпараттар, практикалық кеңестер ұсынып жатыр. Сонымен қатар, көңіл-күйді көтеру, күйзелістен арылу сияқты дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Жастар арасында нашақорлықтың, лудоманияның алдын алу, жастарға адамгершілік, құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында "Құмар ойынға құмартпа!", "Тәрбиелі жастар - қауіпсіз қоғам" және "Жастар - ізгі қоғам айнасы" атты семинар-тренингтер өтті. Семинарға 150 студент қатысты. Сонымен қатар, Отырар, Арыс, Ордабасы "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен қазіргі заманауи әдістер мен тиімді техникаларды қолдану арқылы тәжірибе алмасу және жұмыстарды жүйелендіру мақсатында "Келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу және лудомания" тақырыбында, оған қоса аудан, қала "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің психологтарының тәжірибе алмасу семинарлары дәстүрлі түрде өтіп отырады.
- Осы бағытта алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Қоғам үшін қауіпті дертке айналып отырған мәлесемен күрсеу, оның алдын-алу бойынша жүргізілетін жұмыстар күн тәртібен түскен емес, барынша ойынқұмарлықтың санын азайту бағытында алдағы уақытта тың бастамалар көтеріліп, жүзеге асатынына сенемін. Ойынқұмарлық дертінен қоғамды аман сақтап қалу жолында атқарылатын жұмыстарды бірге жүзеге асыруға баршаңызды шақырған болар едім. Себебі бір адам емес, бүкіл қоғам болып күш салатын осы бір мәселенің жолына тосқауыл қою әрбіріміздің азаматтық парызымыз деп білемін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!