- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында Қызыл...
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген тау арқарын сойып алған тұрғын ұсталды
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген тау арқарын ұстап, сойып алған тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғыннан арқар етін тапты.
Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Алмас Серіков күнделікті жұмысын атқару кезінде, таулы аймақта атқа мінген ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп, күмәнданған полицей тексереді. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.
Полицейлер ер адамнан жауап алу барысында, ол қаптағы ет арқардың еті екенін, оны ұстаған кезін өз ұялы телефонына түсіріп алғанын айтқан. Мал бағып жүрген жігіт өзінің иттерімен бірге арқарды ұстап алған. Одан кейін жануарды сойып, қайтып келе жатқанында полицейге ұсталған.
Бүгінде бұл дерек Қылмыстық деректің 339-бабы "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" бойынша тіркеуге алынып, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина