Түркістан облдысы Келес ауданында оқушылар арасында болған жанжалдан кейін 8-сынып оқушысы 3-қабаттан секіріп кеткен. Қазір жасөспірім қыз ауруханада жатыр. Оқиға салдарынан оның жамбас сүйегі сынып, жабық бас ми жарақатын алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқыс оқиға 28 ақпан күні болған. Мектеп әкімшілігі қыз мұндай жағдайға оқушылар арасындағы кикілжіңнен кейін барған болуы мүмкін екенін хабарлады.
"Оқушы қыздар арасындағы кикілжіңге байланысты 8-сынып оқитын қызымыз психологиялық эмоцияға беріліп, осындай оқыс жағдайға тап болды. Бұл жағдай бәрімізге де оңай болған жоқ. Қазір күнделікті қызымыздың жағдайын біліп, мектепке ертерек оралуын тілеп отырмыз", - дейді директордың тәрбие ісі жөндегі орынбасары Бердібек Бұхарбаев.
Жасөспірім қызға тез арада алғашқы көмек көрсетіліп, Абай ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тексеру барысында бас миының жабық жарақаты мен жамбас сүйегінің сынғанын анықтаған. Қазір науқастың беті бері қарап, ол палатаға шығарылды.
"Компьютерлік томография, рентгендік тексеріс жүргізіп, бас миының жабық жарақаты, бірінші бел омыртқасының жабық сынығы, жамбас сүйегінің сынығы анықталды. Протоколға сәйкес емдеу жүргізілді. Жағдайының жақсаруына байланысты бірінші ауысымда травматология бөліміне ауыстырылды", - дейді дәрігер травматолог Абдусамат Утамұратов.
Қазір іс "Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" бабы бойынша тіркеліп, тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Болған оқиғаның барлық жағдайы анықталады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!