Түркістан облысында сырттан әкелінген 43 тонна қызанақтан қауіпті вирус анықталды. Бақша дақылы Түрікменстан, Өзбекстан және Ираннан жеткізілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Сарыағаш ауданындағы шекара бекетінен өткізу кезінде еліміздің фитосанитариялық бақылау қызметінің инспекторлары көкөністен "қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы" мен "қызанақтың қола түстес тоспо вирусын" тапты.
Облыстық аумақтық инспекцияның қызметкерлері карантиндік заң талаптарына сәйкес, жүк иелеріне әкімшілік шара қолданып, өнімді кері қайтарды.
Мамандар қауіпті қызанақ ел аумағына өтсе, бақша дақылын өсіретін жылыжайлар мен ашық алқаптағы көкөністердің 50%-тен астамын бүлдіретінін айтады. Томат өнімдерінің мұндай қауіпті вирусы кейінгі 3 жылда Еуропада, Азияда және Америкада тараған.
"Сонымен қатар Иран, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінде де анықталып отыр. Осындай карантиндік аурулардың енгізілуі мен өнімді зиянкестерден қорғау мақсатында жыл басынан бері 20-ға жуық заң бұзушылық анықталған. Өсімдік карантині инспекциясы тарапынан 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, өнімдер келген жағына кері қайтарылды", - дейді облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бекасылов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!