- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында құстарға...
Түркістан облысында құстарға атқан оқтан мерт болған бала жер қойнына тапсырылды
Түркістан облысында 7 жасар бала оққа ұшты. Жазатайым жағдай Қазығұрт ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде болған. Әкесімен бірге жұмыс орнына еріп барған бала туысы құс атуға оқталған сәтте мылтықтың алдынан шыға келген. Салдарынан оқ басына тиіп, мектеп оқушысы оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұм Ақжар ауылындағы №28-мектепте биыл бірінші сыныпты тәмамдаған. Мектеп директорының орынбасары баланың тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы болғанын, толық отбасынан шыққанын айтты.
"Бұл баланың оқу үлгерімі орта, жақсы деп айтсақ та болады. Отбасында 4 қыз бір бала, бұл үшіншісі, қыздардың арасында. Оқу үлгерімі жақсы. Бірақ ол баламыз өте шоқ, жақсы бала еді", - деді №28 Абылай хан атындағы мектеп директорының орынбасары Ғалымжан Нованов.
Жазатайым оқиғаға күдікті бүгінде полиция бөліміне жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Күдікті Сарыағаш ауданының тұрғыны, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК "Абайсызда қазаға ұшырату" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 3 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Арнайы сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары шаруа қожалықтарын тек құстан ғана емес, күн сәулесі мен жаңбыр, бұршақтан қорғау үшін арнайы тор қажет екенін, ол үшін мемлекеттен 40 пайыз субсидия қарастырылғанын айтады.
"Құстардан қорғау мақсатында, жаңбырдан, құстан, бұршақтан қорғау мақсатында бізде жүзім шаруашылығы, одан бөлек қарқынды бау шаруашылығында, тағы да күннің сәулесін бәсеңдетуге арналған жапқыншы сеткалар болады. Яғни, ол сеткалар мемлекет тарапынан сатып алғандығы үшін, сол жерге орнатқаны үшін мемлекет тарапынан 40 пайыз субсидия қарастырылған инвестициялық. Жабынды сеткалары сол жердегі барлық нәрселерден қорғау үшін қарастырылған. Бірақ қару қолданып, құстарды қарумен атсын деген жоқ енді ол жерде", - дейді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.
Кеше 7 жасар бала туған ауылы Ақжарда жер қойнына тапсырылды. Түсірілім тобына баланың жақындарымен тілдесу мүмкін болмады. Ал шаруа қожалық иесі жұмыс орнында болмай шықты. Айта кетейік, марқұм отбасындағы 4 қыздың ортасындағы жалғыз ұл еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан