Түркістан облысы Шәуілдір ауылында өткен көкпарда үш жасар бала көптің көзіне түсті. Ол жиналған көпшілікке бата береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл сәттің видеосы ТікТок-та тарады. Онда бала көпшіліктен қолын жаюды сұрап, бата беретінін айтады.
"…Көре алмаған дұшпаның,
Мұратына жетпесін.
Аман да болсын мал басың!
Еш жамандық болмасын.
Үбірленіп үйіңде балаларың көп болсын!", - дейді бүлдіршін.
Бала батаның соңында жұрттың басын қосып, көкпар беріп отырған Өскенбай есімді ер адамның үйінде маңдайы торсықтай егіз ұлдар дүниеге келуін тілейді.
Желі қолданушылары үлкендерше бата берген үш жасар балаға тәнті болды.
"Даусыңнан айналайын, құлыным!", "Ботақан, жасай бер! Аман бол", "Көз тимесін! Тіл-көзден сақтасын", "Әумин, айтқаның келсін", "Қазір үлкен қариялардың кейбірі мұндай бата бере алмайды ғой", "Періштенің батасы Жаратушының құлағына шалынсын", "Шынымен де 3-те ме? Менің ұлым 3,5 жаста. Бата бермек түгілі әлі дұрыс сөйлемейді" деп жазды желідегілер.
Желі қолданушылары баланың Түркістанда тұратынын жазып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!