Түркістан облысында қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға шамамен 7 миллион теңге төленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірде қару-жарақ арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында тұрғындардан заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізіліп жатыр.
"Бүгінгі таңда 90 азамат тіркелмеген 105 қару, соның ішінде 94 тегіс ұңғылы қаруды өз еркімен тапсырды. Қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың түріне және оның техникалық жағдайына байланысты сыйақы қарастырылған. Ішкі істер органдарына заңсыз сақталған және тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсырған 69 азаматқа шамамен 7 миллион теңге төленді", - деп жазылған хабарламада.
Тіркелмеген қару, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!