Түркістан облысында жүргізушілер тасжолдың сапасына наразы

Түркістан облысында жүргізушілер жақында ғана жөнделген республикалық жолдың сапасына наразылық білдіріп жатыр. Жол жабыны бір ай да өтпей езіліп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.

Бұл кадрлар Сарыағаш ауданы аумағында түсірілген. Жүргізушінің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір ай өтпестен жолдың беті балқып, төмен түсе бастаған. Жергілікті тұрғындар әсіресе жүк көліктері жүретін аумағында осындай жағдай айқын көрінетінін айтады.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары бастапқыда айналма жолдың болмауынан шектеулі жағдайда жүргізілген. Оған қоса көлік қозғалысының шамадан тыс көп болуы да кері әсерін тигізген. Бұл жолмен тәулігіне 15 мың көлік жүреді. Ауа температуарасы 25 градустан жоғары болғанда таңғы 10-нан 22:00-ге дейін жүк көліктерінің жүктемесі 8 тоннадан аспауы тиіс.

"Бірақ жаңадан жөнделген жолға қозғалысты шектеу белгілері қойылғанымен ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеу талаптары бұзылып отыр. Бұл - жолдың ресми пайдалануға берілмей жатып, зақымдануына, жаңа жабындының мерзімінен бұрын бұзылуына алып келуде. Соған қарамастан жолдағы ахауларды жою жұмыстары жүргізіліп, көлік қозғалысына шектеу қойылды", - дейді "Қазавтожол" ҰК АҚ ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Ал "Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының" өкілдерінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар жолдардың сапасына жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі кері әсерін тигізіп отыр. Биыл облыс аумағында 520 шаршы метр жол төсемі бүлінген. Жақында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау ережелері күшейтілді. Енді оған жауапты мамандар салғырттық танытса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!