Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған топ анықталды

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған топ анықталды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында полицейлер құмды заңсыз өндірумен айналысқан топты анықтады. Олар мемлекетке 437 млн теңге көлемінде шығын келтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер Түркістан облысы Келес ауданы аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты.

Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пайдалы қазбаларды (қиыршық тасты) өз бетінше сатқан 4 күдіктіні ұстады. Келтірілген залал - 437 миллион.

Тәртіп сақшылары тінту кезінде күдіктілерден 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, 4 жүк көлігі және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып, тәркілеп алды.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды және болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан