Түркістан облысы Түлкібас ауданы Еңбекші ауылында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан бір отбасының бес баласы қаза тапты. Тағы бір бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Volkswagen Polo көлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Соққы қатты болғаны соншалық - көлік екіге бөлініп қалған.
Дәрігерлер зардап шеккен баланың өмірін сақтап қалған, алайда оның жағдайы әлі де ауыр.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, биыл алғашқы бес айда Түркістан облысында 461 жол апаты тіркелген. Жол апаттарынан 100 адам қаза тауып, 573 адам түрлі жарақат алған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова